Құлажон кіші қорығы (зоологиялық) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың санын, сондай-ақ ғылыми, мәдени және экономикалық тұрғыдан құнды түрлерді, мәселен елікті -Capreoluscapreoluspygargus сақтау және қалпына келтіру мақсатында құрылған. Қызылқұм құмдары Сібір елігінің қыстайтын мекендерінің бірі болып табылады.
Қорықтың жалпы ауданы 46000 га.
Жануарларының негізгі индикаторлық түрі – Capreolus capreolus pygargus-елігі.
Құлажон кіші қорығында (зоологиялық) тарихи-мәдени мұра нысандары жоқ.
Құлажон кіші қорығында аң аулауға, балық аулауға, жабайы жануарларды түрлі тәсілмен және әдістермен аулауға, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін енгізуге, ұяларды, індерді, апандар мен басқа тіршілік ету орталарын бұзуға, жұмыртқа жинауға, сондай-ақ жануарлардың өліміне себеп болуы немесе әкеп соғуы мүмкін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.
Қорықтың өсімдіктері өзіндік ерекшелікке ие, оның аумағында өсімдіктердің алуан түрлері бар: шөлді бұталы және жартылай бұталы, шөлді, жартылай бұталы, шөлді дала және қарағайлы ормандардың сипаттары, XIX ғасырдың бірінші жартысында жоғалып кеткен Хатун-қарағай орманының қалдықтары бар. Құлажон жайылмасы әр түрлі шөпті-дәнді батпақты шалғындарымен де ерекшеленеді.
Сүтқоректілер фаунасы Зайсан қазаншұңқырының түрлік құрамының үштен бірін құрайды. Шөлдік түрлері басым: құлақты кірпі, дала күзені, құм қоян (толай), қарапайым түлкі, жүнбалаққосаяқ. Дала түрлерін дала тышқаны, кішкентай саққұлақ, орман тышқаны, ергежейлі жертесер, елік, қабан, борсық құрайды. Қорық құстары екі биотопқа бөлінеді. Құмды бөлігіне қарақұйрықтар, сұр кекілік, бөдене тән.
Өте сирек: сұр тырна, ақбас тырна, дуадақ, безгелдек, жек дуадақ, бақалтақ бүркіт, қарақұс. Құлажонның өзенді-батпақты жайылмасында қара мойын сұқсыр, сұржақты сұқсыр және үлкен сұқсыр, әупілдек, үлкен аққұтан, сұр құтан, сұр қаз, тоғызақ, жалпақтұмсық үйрек, сұр үйрек және т.б. бауырымен жорғалаушылардың ішінде Зайсан батпаты, секіргіш кесіртке, дәукөз кесіртке, бозшажылан және т. б. мекендейді.