1978 жылы 6 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданының (қазіргі Алтай ауданы) аумағында, Тұрғысын, Бобровка және Бұқтырма өзендерінің аралығында құрылған. Қорықтың ауданы - 2200 га. Оған лавр жапырақты терегі, татар үшқаты, тобылғы, шәңкіш, бүлдірген, таңқурай, мойыл ағаш-бұталар қауымдастықтары тән.
Қорықты құрудағы мақсат - өсімдіктердің бағалы дәрілік түрлерін-Алтай доланасын, даршын, борпылдақ, қоңыр, тікенді итмұрындарды қорғау.
Алтай доланасы ойпаттарда, өзендердің жайылмаларында және бұталар арасында кездеседі. Ол шамамен 140 га аумаққа таралған. Өнімділігі 40-70 кг/га. Жеміс қоры 4-8 тонна, оның ішінде өндірістік - 2-4 тонна.
Итмұрынның әртүрлі түрлері ойпаттарда, бұталы қауымдастықтарда да өседі. Жеміс қоры - 30-45 тонна, кәсіптік - 15-25 тонна, өнімділігі - 200-400 кг/га. Жемісте жоғары мөлшерде аскорбин қышқылының болуымен ерекшеленеді - 2-5%, бұл басқа жерлердегі өсімдіктерге қарағанда 3-4 есе жоғары. Осыған орай қорық дәрілік шикізат көзі ретінде үлкен маңызға ие.