ШҚО-ның Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылы — ежелгі көшпелілердің саятшылық өнерін сақтап қалған танымал орталық. Жергілікті тұрғындар үшін бұл жай ғана тарих емес, күнделікті өмір салты. Ауылда ақсақалдардан бастап жас шеберлерге дейінгі, атадан балаға мұра еткен бүркітшілер әулеттері тұрады. Ал ауладағы айбынды қырандар отбасының толыққанды мүшесі саналады.
Саятшылық өнерінің негізінде адам мен түз құсының арасындағы ғажайып байланыс жатыр. Құсбегілер қыранның сағын сындырмай, оған тең құқылы серік болады. Құсты баулуға талай жыл кетеді: дауысқа үйретіп, қолдан жем береді, шырғамен жаттықтырып, назары басқаға аумауы үшін басына томаға кигізеді. Қазақ ұғымында бүркіт иесінің ойын оқып, көңіл-күйін сезе алады.
Мұнда сіз бұл мәдениеттің табиғи ортасына еніп, құсбегілердің әңгімесін тыңдай аласыз, сондай-ақ қолыңызға арнайы қалың биялай киіп, қыранды қондырып, оның айбарын сезіне аласыз. Бүркіттермен бірге көшпелілердің тағы бір қазынасы — ақылды әрі жүйрік қазақ тазылары да ажырамас тандемде жұмыс істейді.
Бозанбайға ерекше танымалдылық әкелген — жыл сайын өтетін халықаралық «Шығыс салбұрыны» фестивалі. Күз сайын «Бүркіт төбе» этноалаңында Қазақстан мен көршілес елдердің ең мықты құсбегілері бас қосады. Бұл күндері аспаннан құйылған қырандардың аңға түскен сәтіне куә болып, тазылар жарысы мен ұлттық ат спорты ойындарын тамашалай отырып, нағыз көшпелі ауылдың атмосферасына бойлайсыз.