Шығыс Қазақстандағы ауыл әлем туристерін өзіне баурап жатыр

Шығыс Қазақстандағы Бозанбай ауылы — әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер мен бүркітшілер үшін жаңа тартылыс орталығына айналды. Дәл осы жерде мыңдаған қонақтың басын қосатын «Шығыс салбурыны» халықаралық турнирі өтіп тұрады, — деп мәлімдейді 24KZ ақпаратына сүйенген Tengri Travel  

Осынау ауқымды іс-шара мен жоғары мәртебенің артында бір ғана отбасының тарихы жатыр. Кезінде Маркс Нәжітбан ата-баба кәсібін жалғастырып, құс салу өнерін күнделікті өмірге қайта әкелуді ұйғарған

Ол түйе, жылқы өсіріп, құмай тазы баптайды. Бірақ оның ең басты құштарлығы — бүркіттер. Маркс бүркіт баптаумен 14 жасынан бастап айналысып келеді.

«Қыран құс салу — біздің ұлттық құндылығымыз, асыл мұрамыз. Бір кездері бұл дәстүріміз ұмытыла бастаған еді. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін ол қайта жаңғырып, алдағы уақытта да дами түспек. Қазақ халқы үшін бүркіттің орны бөлек. Ашаршылық заманында бір ғана қыран бүкіл ауылды асыраған. Сондықтан біз оны нағыз қазына ретінде бағалаймыз», — дейді бүркітші Маркс Нәжітбан.

«Шынтуайтында, көк иесі — қыранды қолға үйрету оңай шаруа емес. Бүркіт адамға бағынбайды. Керісінше, иесі өз өмірін бүркіттің айналасында құруы тиіс», — дейді Маркстің ағасы Горький Нәжітбан.

«Кез келген адам бүркітші бола алмайды. Бұл өте күрделі өнер. Көк жүзінде еркін самғап жүрген құсты адамға бағынуға және қолға қайта қонуға үйретудің қаншалықты қиын екенін ойлап көріңізші. Бірақ біз де өз шәкіртімізге (тәрбиелеп жатқан құсымызға) қатты бауыр басып кетеміз. Менің бүркітімнің аты — Аққанат, ол мен үшін өз немеремдей болып кетті», — дейді бүркітші Горький Нәжітбан.

«Уақыт өте келе бұл бүкіл әулеттің ортақ ісіне айналды. Маркс Нәжітбанның қызы Айзере де әке жолын қуды. Ол небәрі 16 жаста болса да, соның 8 жылын қыран құстарды баптауға арнаған. Айзере бүркіттерімен түрлі жарыстарға қатысып жүр. Қазір оның Ақселеу есімді жаңа баптап жүрген құсы бар».

«Құс деген бейне бір бала сияқты. Өкпелеп қалуы немесе мінез көрсетуі мүмкін. Әр бүркіттің өзіндік болмысы бар. Ақселеуді аңға салуды енді ғана үйретіп жатырмын, әлі жарыстарға қатысқан жоқпыз. Оның қарым-қабілетін тек келесі қыста ғана бағамдай аламыз», — дейді Айзере Марксқызы.

Қыранға барынша күш-жігер жұмсау керек. Арнайы қоректендіру, жаттығулар, аңға салудың алғашқы қадамдары — алда әлі ұзақ әрі ауқымды жұмыс күтіп тұр

«Менің ұлым да, қызым да, жолдасым да — бүркітшілер. Әрине, бұл өте қиын іс. Ауа райының қандай болғанына қарамастан, олар аңға немесе жаттығуға шығады. Себебі құсты үнемі баптау керек. Сондықтан мен оларды әр сапарға барынша дайындауға тырысамын: киімдерін жылылап, жолға азықтарын әзірлеп беремін», — дейді ауыл тұрғыны Шәкерман Ошан..

Сонымен қатар, ол әр жарыс сайын отбасы мүшелеріне арнап ұлттық киімдер тігеді. Осылайша, бүкіл әулет болып өңірдегі саятшылық өнерін дамытуға атсалысып келеді. Дәл осы отбасының бастамасымен Бозанбай ауылы бүгінде әлемге танымал болды. Кезінде алғашқы «Шығыс Салбұрыны» небәрі 13 қатысушының басын қосса, қазір мұнда жүздеген бүркітші мен әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңға жуық қонақ жиналады

Дереккөз: TENGRINEWS.KZ

Аударма: VisitEastKZ

29/04/2026 6
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.