«Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестиваліне 9 елден 176 бүркітші қатысты

Шығыс Қазақстанда V халықаралық «Шығыс Салбурыны – 2026» фестивалі өтті. Шара аясында биыл алғаш рет құсбегіліктен Ашық Азия кубогы ұйымдастырылды.

Биыл фестивальге 176 бүркітші және тазы өсірумен айналысатын 50-ден астам маман мен бапкер қатысты. Қазақстаннан бөлек, жарысқа Венгрия, Грузия, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты.

Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы «Бүркіт төбе» этнокешенінде өткен ауқымды жарыстар қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін кеңінен насихаттауға және ұлттық мұраны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

«Бүркіт төбе» алаңына қыран құстарды баптауды жай ғана спорттық жарыс емес, көпжылдық тәжірибені, шыдамдылықты және қанатты аңшымен ерекше түсіністікті талап ететін өнер деп білетін бүркітшілер мен сұңқаршылар жиналды. Жарысқа қатысушылар бүркіт, сұңқар және қаршыға баптаудағы шеберліктерін көрсетіп, өз елдерінің дәстүрлі саятшылық өнерін таныстырды.

Этнокешен аумағында 50 аппақ киіз үй тігіліп, онда қонақтарға қазақ халқының дәстүрлері, мәдениеті мен қолөнері, облыс қалалары мен аудандарының тарихы мен туристік әлеуеті ұсынылды.

Азияда алғаш рет ұйымдастырылған Ашық кубок құсбегілік өнерінің бай мұрасын кеңінен дәріптеуге және оны келешек ұрпаққа аманаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға болып табылады. Халықаралық жарыстар қонақтарды әртүрлі елдердің саятшылық дәстүрлерімен таныстырып, мәдени байланыстарды нығайтады.

«Шығыс Салбурыны» тарихы 2021 жылы Бозанбайдағы бүркітшілер жарысынан басталды. Алғашқы турнир «Қансонар» деген атаумен өтіп, 2022 жылдан бастап шара «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі ретінде өткізіліп келеді. Бүгінде бұл оқиға жаңа деңгейге көтерілді. Фестиваль Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ірі іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді.

Фестиваль аясында құсбегілер сайысынан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, тазы тұқымды иттердің жарысы, асау үйрету, ат үстінде садақ ату және теңге ілу сайыстары ұсынылды. Бұдан бөлек, бағдарламада қолөнершілер бұйымдарының көрме-жаәрмеңкесі, танымал әртістердің қатысуымен концерт және, әрине, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі қарастырылған.

Осылайша, «Шығыс Салбурыны» фестивалі бірнеше бағытты тоғыстырды: спорттық бәсекелестік, түрлі елдердің мәдениетімен танысу және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерді сақтау. Бозанбай ауылы үшін бұл — өзін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік болса, қонақтар үшін көшпенділердің көне өнерін музей экспозициясынан ғана емес, іс жүзінде тамашалауға берілген мүмкіндік.

Биыл өңірге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының делегациясы келді. Комиссия өкілдері Бозанбай ауылында көне дәстүрлерді сақтауға және бірегей дағдыларды келесі ұрпаққа жеткізуге жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, шеберлер өз тәжірибесін жерлестерімен ғана емес, шетелдік қонақтармен де бөлісе алуы маңызды.

Бұл дәстүрдің халықаралық деңгейде де болашағы зор. ЮНЕСКО-ның 2026 жылға арналған ресми материалдарында тазы мен бүркіт қатысатын фестивальді Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу жөніндегі өтінім көрсетілген. Ал сұңқаршылық өнері аталған тізімге бұған дейін енгізілген. Қазақстан осы халықаралық номинацияға қатысушы елдердің бірі болды.

 

Дереккөз: caravan.kz

12/10/2026 27
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.