Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды сұхбаты жарияланды
— Бізде жиі талқыланатын тағы бір тақырып — туризм. Өткен жылы бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат үшін ең үздік елдердің бірі деп атады. Алайда біздің курорттар мен танымал туристік маршруттар қонақтардың жаппай ағынына дайын ба деген күмән бар ма?
— Бұл күмән толық негізді. Үкіметке берген тапсырмаларымнан кейін туризмді дамыту жұмысы жанданды, бірақ алда ұзақ әрі күрделі жол тұр. Туризм — экономиканы, мәдениетті, қауіпсіздікті және бизнесті тоғыстыратын сала. Онда кәсіби мамандар, ең бастысы, елін сүйетін нағыз патриоттар еңбек етуі тиіс. Туризм жалқаулықпен, немқұрайлылықпен, ашкөздікпен және дөрекілікпен үйлеспейді.
Өткен жылы Қазақстанға миллиондаған шетелдік турист келді, сонымен қатар ішкі туризм де белсенді дамып келеді. Бұл, әрине, қуантады.
Әлем елдері туристік ағын үшін бәсекелестік жағдайында жеке инвесторларды тартуға барынша қолайлы орта қалыптастырып отыр. Біздің елімізде көрікті жерлер аз емес. Қазіргі таңда экотуризмге сұраныс жоғары. Бұл бағытта Қазақстанның әлеуеті зор. Алайда субъективті себептерге — жауапты тұлғалардың қабілетсіздігі мен немқұрайлылығына байланысты — экотуризм әлі жаппай дамыған жоқ. Енді құр презентациямен шектелу болмайды.
Кейбір «эко-белсенділер» табиғатты қорғау сылтауымен барлық жобаларға қарсы шығып, туризмнің дамуына кедергі келтіреді. Олардың көпшілігі нақты іспен емес, хайп пен танымалдылықты көздейді. Кей жағдайда оларды бәсекелестікті қаламайтын кәсіпкерлер қолдайды.
Тау шаңғысы туризмі саласында да жағдай ұқсас. Шымбұлақпен әлемде салыстыруға келетін курорттар аз. Ол Алматы қаласының орталығынан небәрі 30 минуттық жерде орналасқан, бірегей табиғи ландшафты бар. Алайда ұзақ уақыт бойғы әрекетсіздік курорттың физикалық және моральдық тұрғыдан ескіруіне әкелді. Сондықтан бұл нысанды дамытуға жаңа көзқарас қажет. Жобаны отандық девелоперлік компания жүзеге асырады, Үкімет пен қала әкімдігі қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта жоба дайындық кезеңінде. Ал көршілес елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр.
Алматы тау кластерінің әлеуеті зор. Ол әрі ауқатты туристерге, әрі орташа табысы бар азаматтарға қызмет көрсетуі тиіс. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды әртараптандыру қажет.
Саладағы өзекті мәселелердің бірі — білікті кадр тапшылығы. Осы мақсатта Түркістан қаласында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды. 2024 жылы алғашқы түлектер еңбек нарығына шықты. Алайда бұл жеткіліксіз, кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады.
Сонымен қатар, босаңсуға болмайды. Егер әлемдік басылымдар Қазақстанды саяхаттауға кеңес берсе, бұл жұмыс қарқынын екі есеге арттыру қажет екенін білдіреді. CNN Travel нұсқасы бойынша Алматы 2025 жылы Орталық Азияның «жаңа стиль астанасы» атанды. Осыған орай әкімге қаланы Нью-Йорк, Мәскеу, Париж секілді қонақтар үшін тәулік бойы өмір сүретін мегаполиске айналдыру тапсырылды. Бұл бағытта инфрақұрылым, абаттандыру, жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.
Дереккөз: tengrinews.kz