Шығыс Қазақстанда қысқы туристік маусым ресми түрде ашылды

Шығыс Қазақстан облысы қысқы спорт түрлерін ұнатушыларды қабылдауға толықтай дайын. Облыс тұрғындары мен қонақтары қысқы туристік маусымның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Маусымның ашылуы — бұл тек трассалардың жұмысын бастауы ғана емес, сонымен қатар қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлайтын және алдағы қыс мезгіліне көтеріңкі көңіл-күй беретін нағыз қысқы ертегі атмосферасын қалыптастыру.

Осы күні қонақтар кешке дейін трассаларда сырғанап, музыкалық бағдарламаларды тамашалай алды. Сондай-ақ бағалы сыйлықтар ұтысы, сертификаттар мен дегустацияларды қамтитын ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Шара қатысушылардың Қазақстан Туын желбіретіп, таудан жаппай түсуімен басталды.

Бұдан кейін мереке қонақтарын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. Ол өңір үшін қысқы туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтіп, демалушыларға қолайлы жағдай жасау облыс жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін нақтылап айтты. Оның айтуынша, ШҚО белсенді қысқы демалыс үшін зор әлеуетке ие және жаңа жобалар туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын тағы да атап өтіп, туризм мен инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік органдар жұмысының тұрақты басымдығы болуы тиіс екенін көрсетті. Шығыс Қазақстан облысы дәстүрлі түрде қысқы демалыс үшін ең тартымды өңірлердің қатарына кіреді. Бірегей табиғат, ландшафт және климаттық жағдайлар қысқы туризмнің түрлі бағыттарын, соның ішінде тау шаңғысын дамытуға мүмкіндік береді. Іс-шараны өткізу орнын таңдау кездейсоқ емес. Дәл осы жерде, «Алтай Альпісінде» біздің құрметті жерлесіміз Александр Чиликиннің бастамасымен алғашқы тау шаңғысы трассасы ашылған болатын. Виктор Лемешко, Виктор Рейхерд сынды еңбек сіңірген жаттықтырушылардың жетекшілігімен бұл беткейлерде фристайл мен могулдан танымал спортшылар тәрбиеленіп шықты. Қазақстанды Олимпиада ойындарының жүлдегері Юлия Галышева, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Валерия Цой және Анастасия Городко әлемге танытты. Бүгінде тау шаңғысы беткейлеріне демалыс күндері мыңдаған белсенді демалыс әуесқойлары жиналады. Мұнда тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ Ресей мен Қытайдан да қонақтар келеді», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов туристерді тау шаңғысынан бөлек Сібі көлдеріндегі табиғи мұзда коньки тебу, Риддер мен Алтайдағы қарда жүргіште жүру, Самар, Үлкен Нарын және Күршім аудандарындағы балық аулау қызықтыратынын атап өтті.

«Біз өңірді белсенді демалыс үшін жайлы әрі қолжетімді етуді мақсат тұтамыз. Қызмет түрлері кеңейіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Мемлекет инвесторлардың бастамаларын қолдап, инфрақұрылымға қол жеткізуге жағдай жасайды, құрылыс шығындарын ішінара өтейді. Жоспарда – Глубокое ауданында, Риддер және Алтай қалаларында тау шаңғысы беткейлерін дамыту бар. Катонқарағай және Марқакөл аудандарында туристік нысандар салу, Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежайлар ашу көзделген. Бүгінгі шара – Шығыс Қазақстан туризмінің алға басып келе жатқандығының нышаны. Біз диалогқа ашықпыз, мәселелерді білеміз және жаңа бастамаларды қолдаймыз. Өңіріміздің еліміздегі қысқы және тау туризмі бойынша көшбасшылар қатарына енуіне ұмтыламыз. Өңірімізді тартымды әрі танымал етіп жүрген кәсіпкерлерге, инвесторларға, спортшыларға, туризм саласының қызметкерлеріне – баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», деп толықтырды облыс әкімі.

Сонымен қатар облыс әкімі туризмді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті.

Өңір қонақтары үшін интерактивті алаңдар, музыкалық нөмірлер, жәрмеңке, жергілікті өндірушілердің өнімдерін дегустациялау және қолөнершілер көрмесі секілді бай бағдарлама дайындалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға қатысушылардың барлығы керемет көңіл-күймен аттанады. Қысқы маусым жарқын оқиғалар мен жаңа әсерлерге толы болмақ.

Өскемен қаласының тұрғыны Ирина Клиновицкая өз әсерімен бөлісті:

«Жыл сайын маусымның ашылуын асыға күтемін. Мұндағы атмосфера ерекше — музыка, қар, дәмді тағамдар. Бірден жаңа жылдық көңіл-күй пайда болады», — деді ол.

Риддерден келген қонақ Арман Бекенов трассалардың қолайлылығын атап өтті:

«Сырғанау тамаша, биыл беткейлер өте жақсы дайындалған. Инфрақұрылымның дамып жатқаны сезіледі. Мұнда қайта-қайта келгің келеді», — деді Арман Бекенов.

ШҚО-да қысқы туристік маусымның ашылуы тек мерекелік шара емес, өңірдің өсіп келе жатқан туристік әлеуетінің айқын көрінісі болды. Шығыс Қазақстан тұрғындар мен қонақтарға белсенді әрі сапалы демалыс үшін жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, қысқы демалыс орталығы ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Жаңа маусым қысқы спорт әуесқойлары күткендей мазмұнды, жайлы және жарқын болады деп күтілуде.

 

Дереккөз: tengrinews.kz

Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.