Қазақстанда қонақүйлердің «жұлдыздылық» жүйесі өзгертіліп, туристік саланы қолдау шаралары кеңейтіледі. Елде қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарын жіктеудің жаңартылған ережелері әзірленіп жатыр. Тиісті түзетулер пакеті Мәжіліске жолданды. Оның мақсаты – қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік саладағы рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, қолданыстағы жіктеу қағидалары 2008 жылы бекітілген және халықаралық стандарттардан айтарлықтай артта қалған. Жаңа модель Hotelstars Union сияқты жаһандық тәжірибелерді ескере отырып, бағалаудың нақты жүйесін енгізуді және саланы бақылау мен мамандарды оқыту бағытында министрліктің құзыретін кеңейтуді көздейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 4 442 орналастыру нысаны тіркелген. Олардың тек 112-сі, яғни шамамен 3%-ы ғана ресми «жұлдыз» санатына ие.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жіктелген нысандардың төмен үлесі апелляция механизмдерінің болмауымен, критерийлердің жүйелі түрде жаңартылмауымен және талаптардың орындалуын бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты. «Жұлдыздарды» өз бетінше тағайындау тәжірибесінің кең таралуы тұтынушылар сенімін төмендетіп, көрсетілетін қызмет сапасы туралы жалған түсінік қалыптастырады.
Мысалы, Германия, Аустрия, Грекия, Жаңа Зеландия және басқа да елдерде қонақүйлерді жіктеуді салалық немесе ұлттық туристік ұйымдар жүзеге асырады. Мұндай тәсіл ашықтықты, бірізділікті және сала мен тұтынушылар тарапынан сенімді қамтамасыз етеді. Жаңартылған жіктеу жобасы мынадай бағыттарды қамтиды:
халықаралық стандарттарға сай сапа критерийлерін унификациялау;
бағалау рәсімдерінің ашықтығын арттыру;
министрлік құзыреттерін кеңейту;
заң қабылданғаннан кейін инспекторларды даярлау және оқыту.
Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы артады, туристердің қанағаттануы күшейеді, ресми жіктеуге қатысатын қонақүйлер саны көбейеді және Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігі нығаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар, Қазақстанда мемлекеттік қолдау шаралары қолданылып келеді: тау шаңғысы курорттарының жабдықтарына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу, жол бойындағы сервис объектілерін дамыту, туроператорлар мен әуе тасымалдарын субсидиялау, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптарды қаржыландыру. Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар ішкі туризмнің өсуіне, жаңа туристік өнімдердің дамуына және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.