Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлайды YK-news.kz.

Жуырда өңірге ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен келіп, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді. Жиын барысында облыстың туристік әлеуетін арттыратын негізгі бастамалар таныстырылды.
Негізгі жобалардың бірі — «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы аясында бой көтеретін «Pana Katon Karagay» туристік ауылы.
Орналасуы мен аумағы: Жаңа елді мекен бұрыннан бар Катонқарағай ауылының жанынан салынады, жалпы аумағы 70 шаршы километрді құрайды.
Инвестор және тұжырымдама: Жобаны Pana Asia халықаралық компаниясы жүзеге асырады. Бұл — ішкі және сыртқы туризмге, демалысқа, білім беруге және белсенді демалысқа арналған халықаралық деңгейдегі көпсалалы туристік-аграрлық әрі рекреациялық кластер.
Инфрақұрылымы мен мүмкіндіктері: Ауылда аспалы жол (канатная дорога), глэмпингтер, ашық аспан астындағы кинотеатрлар, атпен серуендеу бағыттары пайда болады. Сондай-ақ құрылыста бірыңғай архитектуралық код енгізіледі.
Экономикалық тиімділігі: Жоба аясында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард теңгені құрайды, ал жобаны толық жүзеге асыру 2030 жылға дейін жоспарланған.
Көшпелі жиында ұсынылған тағы бір маңызды бастама — «ULAR PARK» туристік кешені.
Инфрақұрылымдық қолдау: «ULAR PARK HOTEL» ЖШС компаниясы Берел мен Аршаты ауылдарының арасына электр желісін, жол және көпір салу үшін өз қаражатынан 1,5 миллиард теңге бағыттады.
Жазғы отель: 13 капсуладан тұратын жазғы қонақүйдің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Қысқы кешен: Жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайтын, 150 орынға арналған қысқы қонақүй кешенін 2028 жылға қарай пайдалануға беру көзделген.
Дереккөз: YK-news.kz.
Аударма: VisitEastKZ