Ірі көлдер, өзендер мен су қоймаларының бірегей желісіне ие Шығыс Қазақстанның балық аулау туризмінің ірі орталықтарының біріне айналуға әлеуеті зор. Бұл бағыттың даму перспективалары ашық диалог форматында талқыланып, оған салалық мемлекеттік органдардың, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясының, Шығыс Қазақстан облысының спорттық балық аулау федерациясының, туристік бизнес өкілдерінің және кәсіби балықшылардың өкілдері қатысты.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл саладағы негізгі табыс балық аулаудың өзінен емес, оған ілеспе қызметтерден түседі. Атап айтқанда, сапалы орналастыру орындары, жабдықтарды жалға беру, отбасылық демалысты ұйымдастыру және тақырыптық фестивальдер өткізу маңызды рөл атқарады.
Өңірде қысқы балық аулау туризмін дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл демалыс орындарының маусымаралық кезеңдегі жүктемесін арттыруға және облыс аудандарына туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар, оның ішінде Ертіс бассейндік инспекциясының өкілдері, спорттық және әуесқой балық аулауды дамыту табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте су айдындарының биоалуантүрлілігін сақтау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қатаң экологиялық бақылауды қамтамасыз ету басты басымдықтар ретінде белгіленді.
Отырыс барысында балық аулау турларын ұйымдастыруға қолайлы басым локацияларды айқындау және салалық жарыстар өткізу бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
.jpeg)