Риддер Қазақстандағы тау туризмі орталықтарының бірі ретінде нығаюда

Риддер қаласының жыл бойы тау туризмін дамытуға әлеуеті зор. Ұзаққа созылатын қарлы маусым, таулы жер бедері мен бірегей табиғат қысқы спорт түрлерін, белсенді, экологиялық, отбасылық және экстремалды демалысты дамытуға мүмкіндік береді.

2026 жылдың бірінші тоқсанында Риддерге шамамен 11 мың турист келген. Олардың ішінде 1,3 мыңға жуық шетелдік қонақ бар. Қазіргі таңда қалада туристерді қабылдайтын 42 туристік нысан тіркелген.

Қаладағы туристік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Биыл құны 750 млн теңге болатын Ridder Inn қонақ үй кешені мен мейрамханасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ridder Resort Hotel мен «Эдельвейс» туристік базасын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, Altay Kompas туристік кешені жобасы жүзеге асырылуда.

Өңірдегі ең перспективалы жобалардың бірі — Иванов жотасында «Анатау» жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы курортын құру. Жобаны іске асыру Риддердің туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп, жыл бойы қонақ қабылдайтын заманауи тау туризмі орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Риддер тек өнеркәсіптік қала ретінде ғана емес, еліміздегі тау туризмінің негізгі орталықтарының бірі ретінде де өз позициясын нығайтуы тиіс. Туристер Риддерге бірнеше сағатқа ғана емес, бірнеше күнге келіп, жергілікті қызметтерді пайдаланып, қайта оралатындай жағдай жасауымыз қажет», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Туризмді дамыту қысқы маусыммен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта жаяу және велосипед бағыттарын кеңейту, экологиялық, отбасылық, спорттық және экстремалды туризм түрлерін дамыту жоспарлануда.

Риддерде қазірдің өзінде Туризм және инвестициялар орталығы жұмысын бастады. Келесі маңызды қадам — заманауи туристік визит-орталық құру. Ол жергілікті көрікті орындарды танытуға және жаңа туристік бағыттарды дамытуға ықпал етпек.

Риддерді жыл бойы туристер қабылдайтын бағыт ретінде дамыту кәсіпкерлікке, қонақ үй бизнесі мен қызмет көрсету саласына жаңа мүмкіндіктер ашып, туристердің қалада болу ұзақтығын арттыруға және Шығыс Қазақстанның туристік саласына жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді.

02/09/2026 23
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.