Берлинде әлемдік туризм индустриясының ең ірі әрі ықпалды алаңдарының бірі – ITB Berlin 2026 халықаралық көрмесі басталды. «World’s Leading Travel Trade Show» мәртебесіне ие бұл беделді форум биыл Messe Berlin (Berlin ExpoCenter City) кешенінің 190 мың шаршы метрге жуық аумағын қамтып, Hall 21, CityCube және hub27 павильондарында өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz.
.webp)
Көрмеге 180-ге жуық елден мыңдаған экспонент қатысуда. Сарапшылардың бағалауынша, ITB Berlin алаңында жыл сайын 5 500–10 000 аралығында компания өз өнімін таныстырып, үш күн ішінде шамамен 100 мың кәсіби келуші бас қосады. Бұл – жаһандық туристік нарықтағы үрдістер айқындалып, халықаралық келісімдер жасалатын стратегиялық платформа.
ШҚО – алғаш рет әлемдік аренада
Биыл Шығыс Қазақстан облысы ITB Berlin көрмесіне алғаш рет ресми делегациямен қатысуда. Өңірдің қатысуы – халықаралық деңгейдегі маңызды қадам. Айта кету керек, көрмеге шақыру Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшілігі тарапынан ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов атына жолданған.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген туристік саланы экономиканың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасымен үндеседі. Өңір делегациясының Берлиндегі жұмысы – осы стратегиялық міндеттің нақты жүзеге асуы.
ШҚО атынан туризм саласына жауапты мемлекеттік орган өкілдері мен Туристік ақпараттық орталық мамандары қатысуда. Сонымен қатар облыстың туристік әлеуетін екі жетекші туроператор таныстыруда. Атап айтқанда, «Gastro Tour VKO» компаниясының негізін қалаушы Мұхтар Тойбазаров өңірдің гастрономиялық туризм бағытын, жергілікті өнімдер мен авторлық маршруттарды ілгерілетсе, «Altay-pro.kz» туристік компаниясының менеджері Екатерина Орлова Алтайдың бірегей табиғи ландшафттарына негізделген белсенді және экологиялық турпакеттерді ұсынуда.
.webp)
Қазақстаннан қонақ үйлерді қоса алғанда жалпы саны 22 компания қатысып отыр.
B2B форматындағы нақты келіссөздер
ITB Berlin – ең алдымен B2B форматындағы кәсіби алаң. Мұнда әлемнің жетекші туроператорлары, авиакомпаниялар, ұлттық туристік ұйымдар, қонақүй желілері мен цифрлық платформалар шоғырланады.
.webp)
ШҚО делегациясы шетелдік серіктестермен екіжақты іскерлік кездесулер өткізіп, өңірге шетелдік туристер ағынын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарды талқылауда. Негізгі мақсат – Алтай өңірінің табиғи, мәдени және гастрономиялық әлеуетін халықаралық нарыққа жүйелі түрде шығару, жаңа серіктестер тарту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту.
Берлиндегі ауқымды көрмеге қатысу – Шығыс Қазақстан туризмін жаһандық нарықта танымал ету жолындағы маңызды белес. Бұл өңірдің халықаралық туристік картадағы позициясын нығайтып, экспортқа бағдарланған туристік өнім қалыптастыруға жаңа серпін бермек.
Дереккөз: Altainews.kz