
Шығыс Қазақстанды туристік аймақ ретінде емес, көбіне өнеркәсіптік өңір ретінде қабылдайды. Тіпті ел ішінде де ол туралы Бурабай көлі немесе Қапшағай су қоймасы сияқты танымал орындарға қарағанда азырақ біледі. Соған қарамастан, мұнда бірегей табиғи мекендер бар: Бұқтырма жағалауы, Самар құмдары, Сібе көлдері. Тау мен қорық табиғатын сүйетіндер Іле Алатауына ықыласпен барады, бірақ Катонқарағайда қандай табиғи байлық жасырылғанын сирек елестетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі
Мәселе тек логистика мен туристік инфрақұрылымда ғана емес. Шығыс Қазақстан әзірге «жақтаусыз асыл тас» күйінде қалып отыр: мұнда салыстырмалы түрде қолайлы жағдай жасалған күннің өзінде туристерді тарта алатын танымал брендтер жоқ.
Бүгінде ШҚО-да Катонқарағайдың туристік брендін қалыптастыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Оны ілгерілетуде 2025 жылдың жазында осы қорық шетінде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ауқымды фестиваль маңызды рөл атқарды.
10 мыңға жуық адам жиналған фестиваль аясында кез келген талғамға сай іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері Катонқарағайдың шетінде арнайы жабдықталған ипподромда өткен көкпар, бәйге, аударыспақ және жамбы ату жарыстарын тамашалауға мүмкіндік алды. Көрермендерге арналған жабық трибуналардың болуы ат спорты ойындарын көлеңкеде әрі қауіпсіз жағдайда тамашалауға септігін тигізді.
Әдебиет сүйер қауым үшін Топқайың ауылында поэзия кеші, сондай-ақ Катонқарағайдағы фестивальдің бас сахнасында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Нұрымбет Сақтағанов айтыс жеңімпаздарына 750 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейінгі сыйлықтарды өз қолымен табыс етті.
Фестиваль күндері «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағы түрколог-ғалымдар мен музей ісі мамандарының ғылыми-тәжірибелік конференциясына арналған алаңға айналды. Айтпақшы, фестиваль кезінде Берелдегі «Патшалар жазығына» да туристер легі ағылды. Ауыл спортшылары көкпардан кейін темір дәуіріндегі сақ бабаларының тұрмыстық бұйымдарын көру үшін музейге ат басын бұрды.
Фестивальдің шарықтау шегі мен ең жарқын сәті – ашық аспан астындағы гала-концерт болды. Оған түркі әлемі өкілдері тұратын 11 елдің әртістері қатысты. Көрермендер «Тұран» этно-фольклорлық тобының орындауындағы заманауи үндес дала сарындарын тамашалады.
Фестивальдің барлық үш күнінде ШҚО-ның әр ауданы өз киіз үйлерін тіккен этно-ауылда өмір қызып жатты. Ал жергілікті бизнес өкілдері жәрмеңке мен фуд-корттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, онда кәуап, палау, фаст-фудтың түрлі түрлері ұсынылды, сондай-ақ бал мен халықтық қолөнер бұйымдарын сатып алуға мүмкіндік болды.
Енді фестивальді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Биыл Катонқарағайға бұдан да көп қонақ келеді деп үміттенуге болады.
Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру, оның қымбаттығы мен ұйымдастырудың күрделілігіне қарамастан, ШҚО-дағы туризмді ілгерілетудің тиімді құралы болып табылады. Бұл тек өңірдің танымалдылығын арттырып қана қоймай, оның мәдени-тарихи бейнесін де қалыптастырады. Есеп қарапайым: фестивальден жарқын әсер алған қонақтар бұл жерге қайта-қайта оралғысы келетін болады.
Аударма: VisitEastKz