Өскеменде жаңа қонақ үй кешені ашылды

Жаңа нысан еуропалық сервис деңгейін, шығысқа тән қонақжайлылық пен қазақстандық болмысты ұштастырған бизнес-форматтағы отель ретінде бағалануда.

В Усть-Каменогорске открыли новый гостиничный комплекс

Фото — ШҚО әкімдігі

Тұжырымдамаға сүйенсек, Monotel тек жайлылыққа ғана емес, сонымен қатар қазақстандық қонақ үй бизнесін дамыту идеясына басымдық береді. Сонымен қатар, кәсібилікке, қонақжайлылық пен ерекше ұлттық нақышқа сүйене отырып, жергілікті қонақ үйлердің әлемдік деңгейде қызмет көрсете алатынын дәлелдеуді мақсат тұтады.

Қонақ үй кешенінің инфрақұрылымы толық ойластырылған – ғимарат жеті қабаттан тұрады және онда 46 нөмір бар (төрт президенттік нөмір, екі люкс, сегіз жартылай люкс және 32 стандартты нөмір). Бірінші қабатта фойе, lounge bar және 50 адамға арналған конференц-зал орналасқан. Екінші қабатты грим бөлмесі мен VIP бөлмесі бар 200 адамға арналған банкет залы алып жатыр. Үшінші қабатта 120 қонаққа арналған мейрамхана жұмыс істейді. Төртінші қабаттан жетінші қабатқа дейін қонақ үй нөмірлері орналасқан.

Фото — ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаны іске асыруға және өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқан азаматтарды атап өтті.

– Жыл сайын өңірдегі туристер саны артып келеді, өткен жылдың өзінде біздің облысқа 450 мыңнан астам турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. Сонымен қатар, орналастыру орындарының саны бойынша республикада бірінші орындамыз. Елімізде мұндай 4500-ге жуық нысан болса, оның 9%-дан астамы біздің облысқа тиесілі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Фото — ШҚО әкімдігі

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірдегі туристік аймақтарда жыл сайын қажетті инфрақұрылым құрылуда. Өткен жылдың өзінде ШҚО-да төрт демалыс базасы ашылса, 2026 жылы екі бес жұлдызды қонақ үй мен үш демалыс базасының құрылысы басталады.

– Шағын және орта бизнес — экономикамыздың драйвері. Өз тарапымыздан біз кәсіпкерлерге мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп қадап айтты Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа қонақ үй кешені өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді, жаңа жұмыс орындарын ашады және облыс экономикасына өз үлесін қосатын болады.

Дереккөз: Caravan.kz

Аударма: VisitEastKz

16/04/2026 15
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.