ШҚО-да Катонқарағай мен Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңартылған учаскесі ашылды

4 қазан күні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің автожол желісін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар «Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарағай - Рахман қайнары» автомобиль жолының 437-450-ші шақырымдарындағы учаскесі пайдалануға берілді.

Жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары орындады. Жаңартылған жол учаскесінің ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жоба 2025-2026 жылдары іске асырылды. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС жүргізді. Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын учаскеде жаңа асфальт жабыны төселді. Сонымен қатар 17 су бұру науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Жолдың тиісті инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы толықтай ретке келтірілді.

– Бұл жоба, ең алдымен, өңір тұрғындары үшін маңызды. Жаңартылған учаске жол бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Оған қоса, бұл бағыт Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін де зор маңызға ие, - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңартылған жол учаскесі жол жүру уақытын қысқартуға және көлік құралдарының тозуын азайтуға мүмкіндік береді. «Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарағай - Рахман қайнары» бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары негізгі көлік дәліздерінің бірі болып табылады.

Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру үшін көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше маңызға ие. Өңірдің табиғи көрікті жерлеріне келетін туристер санының өсуі автомобиль жолдарының қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды да арттырады.

Облыс әкімі жолды жаңғыртудың ғана емес, оны алдағы уақытта тиісті деңгейде күтіп ұстаудың, сондай-ақ сапасын ұзақ жылдар бойы сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Дереккөз: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

07/10/2026 12
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.