Ұрынхайқа ауылында «Марқакөл – Шығыстың маржаны» атты ауқымды халықаралық фестиваль өтті. Салтанатты іс-шараларға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Фестиваль — аймақтың туристік саласын дамытуға, Марқакөлдің бірегей табиғатын, оның бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын насихаттауға бағытталған маңызды бастама. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарихи шешімімен қайта құрылған Марқакөл ауданы бүгінде жаңару мен даму жолында сенімді келе жатыр. Ауданда инфрақұрылым жаңартылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде, жолдар жөнделіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда», — деп атап өтті өңір басшысы.

Іс-шара аясында Марқакөлдің туристік және экономикалық әлеуетін дамытуға, инвестициялар тартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылды.
Талқыланған басты жобалардың бірі — Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қанас — Марқакөл» шекарааралық туристік бағытын құру бастамасы болды. Қазіргі уақытта бұл жоба жан-жақты әзірленуде, соның ішінде фестиваль шеңберінде осы бастаманы жүзеге асыру детальдары мен ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін ресми кездесулер өткізілді. Жыл сайын Қанас көліне 7 миллионға жуық турист келеді, ал бұл бағыттың жүзеге асуы Марқакөлдегі туризмнің дамуына қуатты серпін беріп, ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырады әрі оны халықаралық деңгейге шығарады.
Мерекенің маңызды бөлігі Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының 50 жылдығын атап өту болды.
«Жарты ғасыр бойы қорық қызметкерлері Оңтүстік Алтайдың экожүйесі мен Марқакөл көлінің табиғи байлығын ұқыпты сақтап келеді. Өткен халықаралық фестиваль Қазақстаннан және шетелден келген қонақтар үшін жарқын әрі ұмытылмас оқиғаға айналып, оларды ауданды дамытудың негізгі бағыттарымен таныстырғанына сенімдімін», — деп баса айтты Нұрымбет Сақтағанов.
Фестиваль аясында қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені, поэзия фестивалін және ғылыми-практикалық конференцияны тамашалады. Сондай-ақ қорықтың үздік қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі мен әсерлі ақындар айтысы өтті.


Туризм саласының серіктестері мен демеушілерінен сертификаттар ұтысқа түскен лотерея қатысушылар үшін жағымды тосынсый болды. Серіктестер арасында: «Заречье», «Altay Pro», «Катон-Карагай тур», «Нуртау» тау шаңғысы курорты, «Алтайские Альпы» тау шаңғысы курорты, «Эхо Алтая» және «Drivejeepkz» бар. Бас жүлдеге теледидар мен телефон тігілді. Іс-шара ауқымды мерекелік концертпен аяқталды, онда «Ладушки» ансамблі өнер көрсетіп, кештің хедлайнері «Made in KZ» тобы болды.