Дүниежүзілік туризм күніне орай Өскемен қаласындағы Сол жағалау кешенінде «TourEast Kazakhstan» фестивалі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – өңірдің бай туристік әлеуетін көрсету және қала тұрғындары мен қонақтарын оның сұлулығы мен демалыс мүмкіндіктерімен таныстыру болды.
Қонақтар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді: облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт, қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар мен жергілікті өнімдердің дегустациясы, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның туристік бағыттары мен көрікті жерлерінің таныстырылымы өтті.
Мерекеге туризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен мамандар қатысты. Өз сөзінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті:
«Туризм – бұл тек демалыс емес. Ол әлемнің көптеген елдерінің экономикасында маңызды рөл атқарады. Туризм инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және мемлекеттердің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда туризмді дамытуға айрықша көңіл бөледі. Соңғы Жолдауында Мемлекет басшысы туристік аймақтарда заманауи инфрақұрылым құрудың, нысандарды тиісті жағдайға келтірудің және шетелдік туристерді тартуға баса назар аударудың қажеттілігін атап өтті».
Фестиваль аясында турбизнес өкілдері бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізді, бұл қонақтардың ерекше қуанышына бөленді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан туризмін дамытуға үлес қосқан саланың өкілдеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.