Қазақстандағы KITF–2026 халықаралық көрмесі туристік мүмкіндіктерді таныстыратын негізгі алаңға тағы да айналды. Көрменің алғашқы күнінен-ақ Шығыс Қазақстан облысы көптеген келушілердің назарын аударды. ШҚО стенді Қытай, Үндістан, Түркия, БӘӘ, Таяу Шығыс елдері және Германиядан келген делегациялар үшін белсенділік орталығына айналды, — деп хабарлайды Altainews.kz.

Көрме 22-24 сәуір аралығында «Атакент» кешенінде өтуде. Биыл ШҚО келушілердің сұранысы бойынша көш бастап тұр: өңір экспозициясына Қытай, Үндістан, Түркия, БӘӘ, Германия және Таяу Шығыс елдерінің өкілдері үлкен қызығушылық танытуда
Шетелдік қонақтарды не қызықтырады?
Келушілер арасында ең үлкен сұранысқа экотуризм бен белсенді демалыс ие болып отыр. Қонақтар Катонқарағай ұлттық паркі мен Батыс Алтай қорығы туралы ақпаратты арнайы іздеп келеді, сондай-ақ Алтай тауларындағы рафтинг пен трекингке қызығушылық танытуда.
Осы маусымның фавориттері:
Олжалы аңшылық — шетелдік қонақтардан ең көп сұраныс түсетін бағыт;
Этнофестивальдер — туристер беркутшілер жарысы сияқты айтулы іс-шараларға қатысу үшін арнайы турларды белсенді сұрастыруда.
Өңірді нарықтың негізгі өкілдері таныстыруда: облыс бойынша кешенді турлар ұсынатын «Sunrise Travel» компаниясы және Риддер қаласынан келген «Таежный Дом Васильево» бірегей демалыс кешені.

Гастрономиялық брендтер және BBC-дің назары
Шығыс Қазақстанның нағыз визиткасы — атақты бал, «Медовая Марка» сусындары және панта өнімдері. Осы дәмді өнімдерден дәм тату (дегустация) үшін облыс стендіне күн сайын жүздеген адам жиналады.
Өңірлік жобаларға BBC News бастаған халықаралық медиа өкілдері де үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар, көрме аясында ШҚО-ның көліктік қолжетімділігі мен ірі агенттіктерге арналған инфотурларды ұйымдастыру мәселелері бойынша B2B кездесулер өтті. Бұл агенттіктер біздің өлкеге туристерді кең көлемде тартуға ниетті.

KITF–2026 көрмесіне қатысу арқылы өңірдің туристік индустриясы әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастық географиясын кеңейтуге және халықаралық аренада облыстың танымалдылығын арттыруға бірегей мүмкіндік алып отырғанын атап өткен жөн.
Шығыс Қазақстанның осы көрмеге қатысуы өңірдің еліміздің туристік картасындағы позициясын нығайтып қана қоймай, оның халықаралық туристік қоғамдастыққа интеграциялануына (кірігуіне) ықпал етеді.